Павлодардағы жарыста шәкіртінің бетінен салып қалған шымкенттік жаттықтырушы жұмысынан қуылды

Ол жарыс кезінде шәкіртіне қол жұмсаған 

Павлодардағы жарыста шәкіртінің бетінен салып қалған шымкенттік жаттықтырушы жұмысынан қуылды
Фото: скриншот

Шымкенттік «Волейбол Кидс» клубының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков жарыс кезінде өз шәкіртінің бетінен шапалақпен тартып жіберген. Осы оқиғадан кейін Қазақстанның ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушыны дисквалификациялау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, ол жұмысынан қуылды.

Әлеуметтік желіде жаттықтырушының команда ойыншысына қол көтерген сәті тарады. Оқиға Павлодар қаласында өтіп жатқан 2009 жылы туған және одан кіші жастағы қыздар арасындағы волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында болған.

«Осы оқиғаға байланысты Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушыны дисквалификациялау туралы шешім қабылдаған. Дисквалификация мерзімі мен өзге де қабылданған шаралар туралы толық ақпарат федерация тарапынан ресми түрде нақтыланатын болады», - деп хабарлада басқарма.

Басқарманың мәліметінше, Хамит Мырзабеков «Волейбол Кидс» жеке клубында шамамен алты-жеті ай жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта клуб өкілінің ресми ақпараты бойынша, ол қызметінен босатылған. Сондай-ақ басқарма жаттықтырушының ведомствоға қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында жұмыс істемейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы зерделеніп жатыр. Басқарма қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылатынын мәлімдеді.