Жол апатынан бері екі апта өтті: Қызылорда полициясы бес айлық бала мен анасын қағып кеткен жігітті әлі таба алмай отыр
Қайғылы жағдай 13 қазан күні болған
Қызылордада бес айлық сәби мен анасын көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні полиция іздеуге салған. Алайда қайғылы оқиғадан бері 14 күн өтсе де, күдікті әлі ұсталған жоқ. Ал Қызылорда облысының Полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау үшін аянып жатқан жоқпыз дейді. Azattyq Rýhy редакцияның сауалына жауап берген Полиция департаменті күдіктіні қамауға алуға сот санкция бергенін хабарлады.
«Күдіктіге іздеу жарияланып, тергеу сотымен қамауға алу санкцияланды. Оның жүрген жерін анықтау мақсатында Полиция департаментінің жеке құрамына бағдар берілді, барлық күш пен құрал жұмылдырылды. Тергеу барысы ерекше бақылауда», – делінген ведомство жауабында.
Айта кетейік, қайғылы жағдай 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінде болған. Mitsubishi Lancer Sedan көлігінің жүргізушісі 26 жастағы әйел мен оның бес айлық сәбиін қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Ал баланың анасы ауыр жарақат алды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйелдің бас сүйегі, қабырғалары, бұғана, жамбас сүйектері мен тобығы сынған. Өкпесі зақымданып, жарақаттық шок тіркелген. Соңғы жарияланған ресми ақпаратта оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған.
Күдіктіні іздеуге жұртшылық та атсалысуда. Бұған дейін хабарлағанымыздай, күдіктінің жүрген жері туралы нақты ақпарат берген адамға 500 мың теңге сыйақы тағайындалды. Бұл бастаманы жеке заң компаниясы көтерген.