Ақмола облысында жол жұмысшыларын көлік қағып кетті: бір адам тіл тартпай кетті
Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында Chery көлігі үш жол жұмысшысын қағып кеткен. Бірі оқиға орнында көз жұмып, екеуі ауруханаға жеткізілді
Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы болып, бір адам қаза тапты, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 23 қазанда Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 163-шақырымында болған.
«Chery Arrizo 8 көлігін тізгіндеген жүргізуші жолдың жүріс бөлігінде жүрген жол ұйымының үш қызметкерін қағып кеткен. Олардың үстінде жарық шағылыстыратын кеудешелер болмаған», – деп мәлімдеді полиция.
Жол апаты салдарынан жұмысшылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Тағы екеуі медициналық мекемеге жатқызылды.
Қазіргі уақытта полиция аталған дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.