Сотталған азаматтар ақынның шығармаларынан үзінді оқып, өзара бәсекеге түсті
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын ЖД-158/5 мекемесінде жазасын өтеушілер ақынның шығармаларынан үзінділер мен қара сөздерін жатқа оқып, өзара бәсекеге түсті. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібековтің айтуынша, аталмыш шара санитарлық нормаларға сай өткен.
«Ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы бәріне, әсіресе, өмірде сүрініп, тағдыры бүлінген азаматтарға (сотталған – ред.) қашанда үлгі. Абай мұрасының берері мол. Жазасын өтеушілер арасында сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып өткен шығармашылық кеште олар шеберлігін шыңдап қана қоймай, қателігінен сабақ алып, түзелу жолына түседі деген сенім мол. Абай рухын ұлықтау шаралары бұдан ары қарай да өз жалғасын табады», – дейді Теңізжан Жәнібеков.
Еске сала кетейік, Үкімет қаулысымен Қазақстанда 10 тамыз Абай күні болып белгіленді.