Қазір жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Түркістан облысында бір жасар сәби сырға жұтып қойған. Аудандық аурухананың дәрігерлері баланы қарап, кеуде қуысын рентгенге түсірген. Жағдай шұғыл болған соң, баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір баланың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
«Кезекші хирургтер балаға дер кезінде дұрыс диагноз қойып, рентген арқылы заттың нақты орнын анықтады. Эзофагоскопия жасалып, дәрігерлердің жедел әрекеті мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде сырға сәтті алынды», - хабарлайды облыстық балалар ауруханасы.
Мамандар ата-аналарға ескерту жасап, мұндай заттарды баланың қолы жетпейтін жерде сақтауға шақырады.
«Құрметті ата-аналар, сақ болыңыз! Балалардың қауіпсіздігі – бәрінен маңызды! Кішкентай балалардың қоршаған әлемді заттарды аузына салу арқылы танитыны белгілі. Сырға, ұсақ түйме, тиын және басқа да қауіпті заттарды балалардың қолдары жетпейтін жерге қойыңыздар» - дейді дәрігерлер.