«Шағала қаптап кеткен»: Астанада Есілдің сағасы бір түнде тартылып қалған (ВИДЕО)
Тұрғындар бұрын өзеннің қазіргідей құрғағанын көрмегенін айтып жатыр
Астанада Есіл өзенінің сағасы бір түнде тартылып қалды. Ермек Серкебаев көшесі тұсындағы жағалауда су деңгейі күрт төмендеп, тұрғындарды алаңдатып қойды. Су табанында қалып қойған балықтарды теріп жеуге топ-тобымен шағалалар жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға байланысты редакция Астана қаласының әкімдігіне сауал жолдады. Ресми орган өзенге кезекті бөгеттің салынып жатқанын хабарлады.
«Қала құрылыс басқармасы Есіл өзенінде реттеуші бөгеттің бесінші кезегін салу бойынша жоспарлы жұмыстарды аяқтады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталды, енді су деңгейін көтеру жұмыстары басталады. Жиналған су ескі арнасы арқылы ағызылды. Су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Жағдай бақылауда», – деп мәлімдеді әкімдік.
Судың нақты қашан қалпына келетіні, өзеннің тартылған бөлігінде су деңгейі қандай көрсеткішке дейін көтерілетіні туралы қосымша мәлімет айтылған жоқ.