Астаналықтар төрт жыл бойы құр иллюзияға сеніп, 413 млн теңгесінен айырылған

Жеті адамнан құрылған қылмыстық топ анықталды

Астаналықтар төрт жыл бойы құр иллюзияға сеніп, 413 млн теңгесінен айырылған
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Астаналықтарды «үй алып береміз» деп құр иллюзияға сендірген қылмыстық топтың жеті адамы ұзақ жылға сотталуы мүмкін. Олар 51 адамнан 413 млн теңге алдап алды деген күдікке ілініп отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Астана қаласының прокуратурасы хабарлағандай, жеті адам төрт жыл бойы «білдіртпей» жұмыс істеген. Ұйымдасқан қылмыстық топ жеңіл ипотека арқылы үй және тиімді шарттармен несие алып береміз деп алдаған.

«Қылмыстық әрекеттеріне заңды сипат беру мақсатында күдіктілер кеңсе үй-жайларын жалға алып, коммерциялық ұйымдар құрған, қызмет көрсету туралы шарттар жасасып, кепілдік хаттар рәсімдеген. Сонымен қатар, олар азаматтардың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды байланыстары бар екеніне сендірген», - деп хабарлайды Астана прокуратурасы.

Осылайша, олар 51 адамнан 413 млн теңге алдап алған. Прокуратура олардың ісі Қылмыстық кодекстегі екі ауыр бап, яғни, қылмыстық топ құру, ірі және аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасау, ұйымдасқан топқа басшылық ету және оның қызметіне қатысу сынды баптармен тергеп, олардың ісін сотқа жіберген.