«Баланы мазақтаған»: Атырауда 6-сынып оқушысы қатарластарына пышақ оқтап, қорқытқан

Автор: Бақыт Шынар

Балалар жағдайды мұғалімге айтып үлгерген

Фото: Freepik.com; видеодан скрин

Атырауда сыныптастарының қысымына шыдамаған оқушы мектепке пышақ ұстап келіп, №14 мектепте төтенше жағдай орнаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті «Ақ Жайық» басылымының мәліметіне сүйенсек, оқиға кеше, 21 қазан күні орын алған екен. Алтыншы сынып оқушысы мен қатарластары әлденеге келіспей қалған. Балалар пышақ әкелген баланы мазақтаған.

«Бала сыныптастары тарапынан буллингке ұшыраған көрінеді. Ол өзін қорғау үшін қарсы шығып, мектепке пышақ әкеліп, оны ренжіткен балаларға көрсетіп, жазалайтынын ескерткен. Оқушылар бұл туралы мұғалімге айтқан. Ұстаз полиция мен басқа балалардың ата-анасын шақырған», - деп хабарлайды дереккөз.

Алдын ала дерек бойынша, балаға буллинг жасаған оқушылардың ата-анасымен полиция сөйлескен.

«Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі алтыншы сынып оқушылары арасында жанжал болғанын және оқушылардың бірінде пышақ болғанын растады. Ал пышақтасу туралы тараған қауесетті жоққа шығарды», - деп хабарлайды басылым.

Яғни, полиция департаментінің баспасөз қызметі растағандай, дер кезіндегі шараның арқасында ешкім жараланбаған.