13-14 жастағы жасөспірімдер аулада балаларды жүйелі түрде қорлап, бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген
Алматыда 11 жастағы баланың анасы ұлының көрген қорлағанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерке есімді әйелдің сөзінше, жасөспірім ұлдар өзінен кіші балаларды ұрып-соғып, балағаттап, шикі балықты ауыздары мен құлақтарына тыққан. Жазба авторы полицияға шағымданған. Алайда арыз бергеніне үш күн өтсе де, полициядан жауап ала алмағанын мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, 13-14 жастағы жасөспірімдер аулада балаларды жүйелі түрде қорлап, бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген. Оның сөзінше, ұлын ішінен және бүйрегінен ұрып, былапыт сөздер айтқан. Оқиғалардың куәсі болған өзге балалар да бар.
Анасы полиция шақырып, арыз жазғанын, басқа ата-аналардың да шағымданғанын айтты. Алайда үш күн өтсе де, өзімен ешкім хабарласпаған. Ол учаскелік инспекторды өзі іздеп, арызының қаралу барысын білуге тырысқанымен, әзірге жауап алмағанын жеткізді.
«Менің балам небәрі 11 жаста. Өз үйінің ауласында оның қандай жағдайды бастан өткергенін елестетіп көріңіздерші. Мен кек алуды көздеп отырған жоқпын. Баламның және басқа балалардың қауіпсіздігін, әділдікті талап етемін. Бұл жағдайдың жабулы күйінде қалып, ұмытылғанын қаламаймын», – деп жазды ол.
Әйел Алматы қалалық полиция департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасына үндеу жасап, оқиғаға назар аударып, ресми жауап беруді сұрады. Сондай-ақ жұртшылықтан жазбасын бөлісіп, жағдайдың кеңінен таралуына көмектесуді өтінді.
Алматы қаласы Полиция департаменті редакцияға зардап шеккен баланың жағдайына қатысты тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Оқиғаның барлық мән-жайы, оған қатысқан тұлғалардың барлығы анықталып, жан-жақты әрі объективті тексеріс жүргізілуде. Құқыққа қайшы әрекеттер расталған жағдайда, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды белгіленген тәртіппен профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады», - деді Алматы қаласы Полиция департаменті.
Алматы қаласының Полиция департаменті өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатынын алға тартты.