Белгілі компанияда жұмыс істеген: Ақтөбе облысында екі адам бензин құйып жатып күйіп қалды
Зардап шеккендердің бірі денесінің 40%-ын, екіншісі 80%-ын күйік шалған
Ақтөбе облысында бензинді бір ыдыстан екіншісіне құю кезінде екі ер адам ауыр күйік алды. Зардап шеккендердің бірі денесінің 40%-ын, екіншісі 80%-ын күйік шалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Олар облыстағы «ҚТЖ»-ның Шалқар өндірістік учаскесінде жұмыс істеген.
23 жастағы жұмысшы ауданнан санитариялық авиация арқылы Ақтөбе қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Ал денесінің 80%-ын күйік шалған 46 жастағы екінші жұмысшы Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Екі қыздың әкесі есін біледі. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Ақтөбе қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігер-комбустиологы Нұрлан Әбішевтің айтуынша, зардап шеккендердің бірі кеше жансақтау бөліміне жатқызылған. Оның жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты.
«Кеше денесінің 40%-ын күйік шалған науқастардың бірін жансақтау бөліміне жатқыздық. Қазір ол сол бөлімде жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Денесінің 80%-ы күйген екінші науқас әзірге аудандық ауруханада. Оған Zoom арқылы консультация беріліп жатыр. Бүгін оған да санитариялық авиация жібереміз. Егер жағдайы тұрақтанса, оны да Ақтөбеге жеткіземіз», – деді Нұрлан Әбішев.
Зардап шеккендердің туыстары оқиғаның әділ тергелуін талап етіп отыр.
Оқиғаның мән-жайын арнайы құрылған комиссия анықтауы тиіс. Оның құрамына мемлекеттік еңбек инспекторлары мен зардап шеккендер жұмыс істеген кәсіпорынның басшылары кірген.