Жанармай бекетінде анасы мен екі қызы өртеніп кетті

Станция иесі төрт жылға сотталды

 

Жанармай бекетінде анасы мен екі қызы өртеніп кетті
Фото: instagram.com/aktobe_zello

Ақтөбе соты 45 жастағы әйел мен оның он және алты жастағы екі қызы қаза тапқан өртке байланысты автогаз құю станциясының иесін төрт жылға бас бостандығынан айырды. Қаза болғандардың туыстары сотталушыны кешіріп, онымен медиациялық келісімге келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Үкім 16 қазанда Ақтөбе қаласының №2 сотында жарияланды. Жанармай бекетінің иесі жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Прокурор да оған дәл осындай жаза тағайындауды сұраған. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы маусымда болған. Отбасы қыздардың әкесінің ағасына тиесілі Honda көлігімен қалаға сауда жасауға шыққан. Жолай жазғы асүйге қажет тұрмыстық газ баллонын толтыру үшін жанармай бекетіне тоқтаған.

Ер адамның айтуынша, станция операторы баллонды көліктің жүксалғышынан шығармай-ақ газ толтыруға келіскен. Баллонның сыйымдылығы 30 литр болғанымен, газ құю кезінде есептегіш 42 литрді көрсеткен. Ер адам қызметкерге жұмысты тоқтатуды айтып айқайлаған. Алайда жас оператор «Стоп» батырмасын таба алмаған. Осыдан кейін жарылыс болып, өрт шыққан.

Оқиға кезінде қыздардың әкесі көшеде болған. Ал көлікті басқарған оның 54 жастағы ағасы қатты күйік алған. Әйел мен балалар жанып жатқан көліктің ішінде қалып қойған. Өрт сөндірілгеннен кейін олардың мәйіттері табылды.

«Әйелім балалармен бұған дейін дәретханаға шығып кеткен еді. Мен олар көлікте жоқ деп ойладым. Олардың салонда қалып қойғанын кейін ағам айтты», – деді жәбірленуші сотта.

Өрттен кейін полиция Қылмыстық кодекстің 281-бабы – жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Автогаз құю станциясының иесі ұсталып, сот процесі 7 қыркүйекте басталды.

Қаза болғандардың туыстары станция иесін кешірді

Қыздардың әкесі медиациялық келісімге ұзақ ойланғаннан кейін және әйелінің туыстарымен ақылдасқан соң келіскенін айтты.

«Маған өте ауыр, бірақ мен тағдырыма көндім. Көп ойландым, әйелімнің туыстарымен ақылдастым да, сотталушымен медиациялық келісімге келуге келістім. Мен оны кешірдім», – деді ол.

Автогаз құю станциясының иесі жазаны жеңілдетуді және жәбірленушілермен татуласқанын ескеруді сұраған. Оның айтуынша, ол материалдық және моральдық шығынды толық өтеген.

Сотталушының сөзінше, қайғылы оқиға болған күні станцияда уақытша оператор жұмыс істеген. Кешке оның орнына студент болып жүрген інісі келген. Станция иесі қызметкерлерге қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтарды үнемі өткізіп отырғанын да мәлімдеді.

Сотта ол тұрмыстық газ баллондарын толтыру мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, станцияда мұндай баллондарды толтыруға тыйым салынған. Алайда адамдар операторларға әлі де жүгінеді, өйткені мұндай ыдыстарды басқа жерде қайда толтыруға болатынын білмейді.