Оқиға Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған
Астанада кондиционер орнату кезінде биіктіктен құлаған жұмысшы кондиционердің кронштейніне ілініп қалған. Оны Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоға сілтеме жасап.
Оқиға Есіл ауданындағы Сауран көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінде болған. 1990 жылы туған ер адам шамамен 50 метр биіктікте, яғни 15-қабат деңгейінде ілініп қалған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар автосатының көмегімен жұмысшыға жетіп, оны жерге түсірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі биіктікте жұмыс істеген кезде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жарамды жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттігін еске салды.