Пойыз келе жатқанда теміржолға шығып кеткен: Қостанай облысында жол апаты болды
Жүргізуші бағдаршамның тыйым салатын сигналын елемеген
Қостанай облысының Жітіқара қаласында Lada Kalina көлігі теміржол өткелінде локомотивпен соқтығысты. Бақытқа орай, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы 9 қазан күні таңертең болған. Полицияның мәліметінше, жеңіл көлік жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан локомотивпен соқтығысқан.
Осы оқиғаға байланысты жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Полиция өкілдері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және теміржол өткелдерінен өту кезінде аса мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ жол белгілері мен бағдаршам сигналдарына назар аудару қажеттігін еске салды.