Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, жазаны жеңілдету үшін ақша талап ету парақорлыққа жатады
Бүгін жазғанымыздай, Қазақстан азаматы Иван Чекулаев қазір Грузия түрмесінде отыр. Әйелі Юлия Чекулаеваның айтуынша, оған әлдекімдер хабарласып, күйеуі 106 жылға сотталғанын, ал 30 млн теңге берсе, жазасы бес жылға қысқаратынын айтқан. Azattyq Rýhy редакциясына бұл жағдай күмәнді көрінгендіктен заңгермен тілдесіп, ақ-қарасын сұрап көрді.
Заңгердің айтуынша, бұл ұсыныс заңды процестік келісімнен гөрі парақорлыққа немесе алаяқтыққа ұқсайды.
«Процестік келісім жеке адамға ақша төлеу үшін жасалмайды»
Сергей Уткин түсіндіріп бергендей, қылмыстық процесс кезінде айыпталушы прокурормен келісім жасау арқылы жазасын жеңілдете алады. Қазақстанда мұндай рәсім қарастырылған. Грузияда да осыған ұқсас тетік болуы мүмкін, бірақ заңгер бұл елдің қылмыстық құқығы бойынша маман емес екенін ескертті.
«АҚШ-та мұндай тәжірибе кең таралған. Қателеспесем, қылмыстық істердің шамамен 90 пайызы процестік келісім арқылы аяқталады. Күдікті немесе айыпталушы прокуратурамен келісім жасайды, кейін оны сот бекітеді. Соның нәтижесінде адамға жеңілірек жаза тағайындалуы мүмкін», – деді ол.
Заңгердің сөзінше, мұндай келісімнің мақсаты – сот процесін созбай, істі заңда белгіленген тәртіппен шешу.
«Егер адам кінәсін мойындаса, прокуратура қылмысты толық көлемде дәлелдемей, көптеген айғақ жинап, оларды сотта ұсынудың қажеті болмайды. Бірақ ең бастысы, процестік келісім біреудің жеке басына ақша төлеу үшін жасалмайды», – деді Сергей Уткин.
«Бұл парақорлыққа ұқсайды»
Заңгердің айтуынша, қылмыстың құқықтық саралануы өзгерсе, тағайындалатын жаза да жеңілдеуі мүмкін. Алайда мұндай шешімге қол жеткізу үшін ақша талап ету заңдылыққа күмән туғызады.
«Бір әрекет заңның бір бабы бойынша, ал басқа әрекет өзге норма бойынша саралануы мүмкін. Олардың әрқайсысында көзделген жаза әртүрлі болады. Бір жағдайда адамға өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қаупі төнсе, екінші жағдайда бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге заңгер ақша сұраған адамдардың әрекетіне біржақты баға беруге асықпау керегін атап өтті.
«Егер жеңілірек баппен саралау үшін ақша талап етілсе, бұл шынымен де парақорлыққа ұқсайды. Бірақ мен мұны жүз пайыз сенімділікпен айта алмаймын», – деді Сергей Уткин.
Ол алаяқтық нұсқасын да жоққа шығармайды. Өйткені істі сотқа бергеннен кейін тергеушілер жазаның қандай болатынын өз бетінше шеше алмайды.
«Мұндай шешімді сот қабылдайды. Сондықтан ақшаны нақты кім талап етіп отырғанын және ол адамдар сот шешіміне шынымен ықпал ете ала ма деген сұрақ туындайды», – деді заңгер.
Оның пайымдауынша, үкім әлдеқашан шыққан болса, істің мән-жайынан хабардар адамдар әйелге сот шешіміне ықпал етеміз деп уәде беріп, ақша алуға тырысуы мүмкін.
«Үкімнің толық мәтіні бірден жарияланбауы мүмкін»
Юлия Чекулаевамен сөйлескенімізде, оған күйеуіне жаза тағайындалғаны туралы телефон арқылы хабарланғанын айтты. Алайда ол үкімді растайтын құжаттарды әлі алмаған. Құжаттарды он күннен кейін беретінін, содан соң апелляциялық шағым түсіре алатынын айтқан.
Сергей Уткин құжаттың бірден берілмеуі өздігінен заң бұзушылықты дәлелдемейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстандағы сияқты, сот отырысында үкім жарияланғаннан кейін оның толық мәтінін дайындауға уақыт қажет болуы мүмкін.
«Құжат заңда көзделген мерзімде жарияланады. Сондықтан үкімнің толық мәтіні сотта жарияланған сәтте-ақ сайтқа шығуы міндетті емес», – деді заңгер.
Алайда ол Грузиядағы сот актілерін жариялау тәртібі туралы нақты пікір білдіре алмайтынын айтты.
«Үкімнің жазбаша толық мәтіні әлі дайын болмауы немесе интернетте жарияланбауы мүмкін. Бірақ бұл жаза мерзімін ақшаға өзгертіп беремін деп уәде еткен адамның шынымен сондай мүмкіндігі бар дегенді білдірмейді», – деп түйіндеді Сергей Уткин.