Астанада Telegram арқылы әдемі қызбен «танысқан» бес жігіт иен далада масқара күйге түскен
Олар қысымға ұшырап, таяқ жеген
Астанада үш жігіт қылмыстық топ құрып, адамдарды бопсалаумен айналысқан. Оларға алданған азаматтардың бәрі Telegram арқылы әдемі қызбен танысып отырмын деп ойлаған. Кездесуге келгенде оларды әлеуметтік желіде танысқан бойжеткен емес, үш жігіт күтіп алып, иен далаға алып кетіп отырған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл оқиға туралы қаланың прокуратурасы хабарлап отыр. Прокурорлар күдіктілерді ұзақ жылдарға соттатұан.
«Елордада тұратын үш ер адам Telegram мессенджерінде қыздардың жалған аккаунттарын пайдаланып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырып, одан кейін оларды қаладан тыс жерге күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан», - деп хабарлайды Астана прокуратурасы.
Осылайша қылмыстық топ үш жігіттен 2,2 млн теңге бопсалап алса, тағы бір жігіттің атына несие рәсімдеген. Енді біреуінің көлігін тартып алған.
Прокурорлар қылмыстық топтың кінәсін толық дәлелдедік дейді. Сол оларды «адам ұрлау» және «бопсалау» баптарымен 7-8 жылға соттаған.