Ұйымдастырушылар арам ойын жүзеге асыру үшін 14 дроппер тауып, олардың банк шоттарын пайдаланған
Шымкент қаласында «Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныс WhatsApp арқылы таратылған. Ал оған өтініш білдіргендерге жеке аккаунт ашылып, логин мен пароль берілген, сол сияқты ақша аударуға арналған шот нөмірлері жолданған.
Ұйымдастырушылар арам ойын жүзеге асыру үшін 14 дроппер тауып, олардың банк шоттарын пайдаланған. Ал жалы екі онлайн-казиноның айналымы 3,1 млрд теңгеге жеткен.
«Заңсыз құмар ойынды ұйымдастырғандар 200 млн теңгеден аса ақшаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы көліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар. Сот үкімімен екі адам төрт жылға сотталды. Ал мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген агенттік хабарламасында.