Көкшетауда төрт жасар бала кәріз құдығына құлап, көз жұмды

Автор: Алмас Ерсін

Бала 8 қазан күні жоғалып кеткен, кешке денесі ашық тұрған кәріз құдығынан табылды

Фото: istockphoto.com

Көкшетауда 8 қазан күні күндіз төрт жасар бала жоғалып кеткен. Кешке баланың денесі қала көшелерінің біріндегі кәріз құдығынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, баланың жоғалғаны туралы хабарлама 8 қазанда кезекші бөлімге түскен. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылды.

Іздеу барысында баланың денесі ашық тұрған құдықтан табылған. Расталмаған мәлімет бойынша, құдық суға толы болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, зорлықпен өлім белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады полиция.

Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір болған жағдайдың мән-жайы анықталып, тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне және дербес деректерді қорғау талаптарына байланысты полиция басқа мәліметтерді жарияламайды.