Екі өскемендік Instagram-дағы жазба үшін 600 мың теңге шығынға ұшырады
Сот адамның келісімінсіз оның фотосын жариялаудың жауапкерлігі бар екенін ескертті
Өскемен тұрғынының фотосын Instagram желісіне рұқсатсыз шығарған екі адам 300 мың теңгеден моральдық шығын өтейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, екі азамат әйелдің фотосын әлеуметтік желіге жариялап, ол туралы жағымсыз пікірлер жазған. Жауапкерлер сотта «біз тек жеке ойымызды білдірдік» деп құтылып кетпекші болған. Алайда сот айыптау сипатындағы сөздер жай пікір ретінде қарастырылмайтынын атап өтті. Мұндай мәліметтер дәлелмен расталуы керек. Айыптылар өз сөздерінің шындыққа сәйкес келетінін дәлелдейтін айғақ ұсына алмаған. Сондықтан олар жазбаны өшіріп, моральдық зиян келтіргені үшін әйелге 300 мың теңгеден төлейтін болды.
WhatsApp-тағы фото да сот дауына себеп болған
Осыған ұқсас тағы бір іс Жамбыл облысының Шу аудандық сотында қаралған. Астаналық тұрғын өзінің фотосын шамамен 1,5 мың адам бар екі WhatsApp чатынан көрген. Ол суреттің келісімінсіз жарияланғанын айтып, сотқа жүгінген. Сот чаттағы скриншоттарды электрондық дәлел ретінде қабылдады. Адамның фотосын оның келісімінсіз көпшілік қатысатын чатта жариялау құқық бұзушылық болып саналады. Екі жауапкерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян ретінде 20 мың теңгеден өндірілді.
Жоғарғы сот әлеуметтік желідегі жазбалар мен мессенджердегі хабарламалар сотта дәлел ретінде қаралуы мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ адамның фотосын келісімінсіз Instagram-да, Stories-та немесе WhatsApp сияқты топтық чаттарда жариялаудың да құқықтық салдары бар.