Петропавлдағы жаттықтырушының қалтасынан 56 дәрі табылған – енді ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Оның қалтасындағы дәрілер күшті әсер ететін препараттар болып шыққан

Фото: скриншот

Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша ауқымды рейд өткізіп, дәрі-дәрмектің заңсыз тасымалына тосқауыл қойып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Полиция жуырда анықталған осындай фактілер туралы хабарлай келе, бірнеше мысал келтірген.

«Кезекті операция 21-25 қыркүйекте өтті. Осы рейд кезінде 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 кәсіпорын тексерілді. 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препараттың айналымы шектелді», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.

Күшті әсер ететін препараттарды ұстаған азаматтардың арасында жүзуден жаттықтырушы да бар болған.

«Петропавлда жүзуден жаттықтырушы ұсталып, одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді. Түркістандағы дәріханалардың бірінде күшті әсер ететін заттарды лицензиясыз сату фактісі анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді», - деп хабарлайды полиция.  

Ішкі істер министрлігі еске салғандай, биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдағандар 5 жылдан 15 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін.