Судья сотталушыны кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына байланысты полиция қызметкеріне үкім шықты. Оған қызмет барысында әрекетсіздік танытты деген айып тағылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімді Медеу аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты жариялады.
Судья сотталушыны кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төмен қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Айта кетейік, Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасарының жүргізушісіне қатысты сот процесі басталған. Оған қызметтік әрекетсіздік танытты деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл әрекетсіздік Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатына себеп болуы мүмкін. Жол апаты салдарынан үш адам қаза тапқан.
21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болды. Полицияның мәліметінше, Zeekr көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал үш адамды өлтірген жүргізуші Александр Пак 10 жылға сотталды.