Азия ойындарының алғашқы күні: Қазақстан спортшылары төрт алтын және екі қола медаль жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстандықтар велоспорт, каратэ, триатлон және қазіргі бессайыстан жүлдеге ие болды

Фото: olympic.kz

Жапонияның Айти-Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күні аяқталды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы төрт алтын және екі қола медаль еншілеп, жалпы алты жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды велоспорттан әйелдер арасындағы жеке уақыт жарысында Рината Султанова салды. Қазақстандық спортшы 36:23.72 нәтижесімен мәреге бірінші болып жетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Шосседегі велоспорттан тағы бір алтынды Алексей Луценко жеңіп алды. Қазақстандық спортшы ерлер арасындағы жеке уақыт жарысында 41:24.05 нәтижесімен үздік атанды. Бұл Луценконың Азия ойындарындағы мансабындағы бесінші алтын медалі болды.

Қазақстан құрамасына каратэден екі алтын медаль бұйырды. 55 келіге дейінгі салмақта кумитеден Жоламан Бигабыл Азия ойындарының чемпионы атанды. Финалда қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен жеңді.

Каратэден тағы бір алтынды Софья Берульцева жеңіп алды. 68 келіден жоғары салмақтағы финалда қазақстандық спортшы Таиланд өкілі Маниаан Бутсуванды 8:0 есебімен ұтып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.

Құрама қоржынына қола медальді ерлер арасындағы триатлоннан Арлан Жанабай салды. Қазақстандық спортшы 53:11 нәтижесімен үшінші орын алды. Тағы бір қазақстандық Аян Бейсенбаев тоғызыншы болып мәреге жетті.

Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы қазіргі бессайыстан командалық есепте де қола медаль жеңіп алды. Командалық есепке Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашовтың нәтижелері енді.

Осылайша, ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында алты медаль – төрт алтын және екі қола жүлде бар.