Оны аудан әкімінің міндетін атқарушы марапаттаған
Атырау қаласындағы «Парасат» мешітінің ұстазы Сержан Тұрақбайұлы Жайыққа ағып бара жатқан сегіз жасар баланы аман алып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешіті хабарлағандай, имам бала ағып бара жатыр деген жаман хабарды ести сала, көмекке ұмтылған. Жан-жақтан келген адамдармен бірге ол Жайыққа түсіп, баланы су түбінен тауыпты. Жағаға алып шығып, бірден балаға алғашқы көмек көрсеткен. Абырой болғанда, бала алғашқы көмектене кейін есін жиып, тыныс ала бастаған.
«Аудан әкімінің міндетін атқарушы Фархат Шахметов қиын сәтте адам өміріне араша түсіп, батылдық танытқан азаматтарды қабылдап, олардың ерлігіне ризашылығын білдірді. Олардың қатарында Атырау қаласындағы «Парасат» мешітінің ұстазы Сержан Тұрақбайұлы да бар. Сын сағатта өз өмірін қатерге тігіп, баланың өміріне араша түскен Сержан Тұрақбайұлына Индер ауданы әкімінің атынан Алғыс хат табысталды», - деп хабарлайды мешіттің ресми парақшасы.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Оралда Ұлттық ұланның жауынгері өрт шыққан пәтерден балаларды құтқарып алған еді.