Екі көлік бетпе-бет соғылған
Маңғыстау облысында түйе жол бойына шығып кетіп, жантүршігерлік жол апатына себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 16 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында бар «Ақтау – Бейнеу» тасжолында екі Toyota Camry көлігі соқтығысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, Жетібай ауылынан Шетпе ауылы бағытында келе жатқан Toyota Camry жүргізушісі жолға шығып кеткен түйеге соғылған. Соққыдан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, қарсы бағытта келе жатқан тағы бір Toyota Camry көлігімен соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан алған жарақаттарынан төрт адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Көліктер арнайы тұраққа қойылды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жануардың иесі анықталуда», – делінген ПД хабарламасында.