Петропавлда 21 жылға сотталған «Саша» түрмеде жатып, бейнекамера арқылы адамдарды несиеге батырған
Ол «бопсалау» бабымен негізгі жазасына үш жыл қосып алды
Солтүстік Қазақстан облысында 21 жыл 9 айға сотталған ер адам түрмеде жатып, бейнебақылау камерасы арқылы адамдарды бопсалағаны үшін тағы 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеудің мәліметіне сүйенсек, оның сыбайластары екі жігітті Петропавлдағы саунаға апарып, қорқытқан және ақша бопсалаған. Ал түрмедегі «Саша» осы сәтте бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығып, «ақша бермесе, сыбайластары күш қолданатынын» айтқан.
Одан қорыққан екі жігіттің біреуі – 300 000 теңге, екіншісі 145 000 теңге несие рәсімдеген екен.
«Күдіктінің қылмысы толық дәлелденді. Сыбайластары «Саша» деп сақтаған адамның осы күдікті екені расталды. Өзара хат алмасқан кезде сыбайластар қылмысты алдын ала жоспарлаған. Оның үстіне, базалық станцияның дерегі бойынша, қылмыс жасалған кезде «Сашаның» телефоны түрме аумағынан сигнал таратқан», - деп хабарлайды Кассациялық соттың баспасөз қызметі.
Бірінші сатыдағы сот оны 3 жылға соттаған. Бұл азамат 2011 жылы ауыр қылмысы үшін 21 жыл 9 айға сотталған. Сондықтан, негізгі жазасын өтемей жатып, түрме ішінен жаңа ауыр қылмыс жасағаны үшін оның «бопсалау» бабындағы түпкілікті жазасы 8 жылға жеткен.