«Көк кит» ойынының қатысы болуы мүмкін бе: ШҚО-да бозбала адам өлтірді деген күдікпен ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Әйелдің өлімі мен жасөспірімнің ұсталғанын ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады

Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында кәмелетке толмаған жасөспірім әйел адамды өлтірді деген күдікпен ұсталды. Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әйелдің өлімі мен жасөспірімнің ұсталғанын ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Аталған факті бойынша Зайсан аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты бұлтартпас шара ретінде қамауда ұстау сот санкциясымен таңдалды. Бұл іс бойынша күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеудің толық, жан-жақты әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттер атқарылуда», – деп хабарлады ведомство.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес жарияланбайды.

Айта кетерлігі, қазір әлеуметтік желілерде қаза тапқан әйелдің мұғалім болып жұмыс істегені, ал жасөспірімнің «Көк кит» деп аталатын ойынның тапсырмасы бойынша әрекет етуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Полиция бұл мәліметтерді жоққа шығарды.

«Ақпарат кеңістігінде таралып жатқан мәліметтерге байланысты қаза тапқан әйелдің мұғалім болғаны туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Сондай-ақ тексеру барысында болған оқиғаның «Көк кит» деп аталатын ойынмен байланысы анықталған жоқ. Бұл ақпарат расталған жоқ», – деп мәлімдеді Полиция департаменті.

Ведомство азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми дереккөздер жариялаған мәліметтерге сүйенуге шақырды.