Ақмола тұрғыны үйін сатып, ақшасын белгісіз біреулерге аударып жіберген

Автор: Асыл Арман

Ол үйін сатып қана қоймай, қосымша екі несие рәсімдеп алған

Фото: istockphoto.com

Ақмола тұрғыны үйін 7,5 млн теңгеге сатып, ақшасын белгісіз біреулердің шотына аударып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 45 жастағы ер адам зардап шеккен ірі интернет-алаяқтық фактісін тергеп жатыр.

Оның айтуынша, тоғыз күн бойы оған өзін Әділет министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан. Алаяқтар оның жинаған ақшасын аудару үшін «сақтандыру шотын» ашу қажет екеніне сендірген.

Сөзіне сенген ол пәтерін сатып, оған қоса екі несие рәсімдеп алған. Ал түскен ақшаны дропперлердің банк шотына аударып жіберген.

«Бұл ретте ер адам пәтерді сатып алу-сату туралы мәміле жалған сипатта жасалып жатыр және соның салдарынан баспанасынан айырылмаймын деп сенген. Алайда нәтижесінде оған келтірілген жалпы материалдық шығын 7 млн 480 мың теңгеден асты. Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап жатыр», – делінген ПД хабарламасында.