Ұрлыққа күдікті екі адам анықталып, қылмыстық іс қозғалды
Қостанай облысында полицейлер шамамен 7 млн теңгенің теміржол кабелін ұрлау дерегін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әйтеке би және Тобыл станциялары арасындағы учаскеден белгісіз адамдар үш шақырымнан астам кабель ұрлаған.
Ұрлық 6-21 шілде аралығында Қамысты ауданы Талдыкөл ауылының маңында жасалған. Жалпы ұзындығы 3350 метр болатын төрт кабель ұрланған.
«Полицейлер екі күдіктіні – Рудный қаласының тұрғындарын анықтады. Ер адамдар ұрлық жасағандарын мойындады. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Ведомство мұндай ұрлық тек материалдық шығын келтіріп қана қоймайтынын атап өтті. Теміржол инфрақұрылымының зақымдануы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.