24 күннен кейін комадан шықты: Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен азаматтың жағдайын айтты
Нұржігіт есін жиып, жақындарын тани бастаған
Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек 15 тамызда Жамбыл облысында болған жол апатынан ауыр зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіттің жағдайы жақсарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экс-депутаттың айтуынша, ер адам 24 күннен кейін комадан шыққан.
«Нұржігіт есін жиды, анасын, жұбайы мен балаларын, бауырларын танып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен елдегі жетекші реаниматологтардың бірі Ғамзат Афендиевич Мусин бастаған Тараздағы анестезиология және реанимация бөлімінің кәсіби реаниматологтар тобы жан-жақты әрі сапалы ем жүргізіп, Нұржігіттің аяққа тұруына көмектесіп жатыр», – деп жазды Базарбек.
Ол сондай-ақ БАҚ өкілдерінен ақпаратты бұрмаламауды және шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпауды сұрап, қазақстандықтарға ізгі тілектері үшін алғыс айтты.
Жамбыл облысындағы жол апаты 15 тамызда кешкі сағат сегіздер шамасында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігін басқарған Бақытжан Базарбек республикалық маңызы бар тасжолдың жүргін бөлігінде болған 36 жастағы ер адамды қағып кеткен.
Зардап шеккен ер адам ауыр жағдайда орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқасты емдеуге реаниматологтар мен травматологтар тартылды. Бұған дейін экс-мәжілісмен айтқандай, Денсаулық сақтау министрлігі консилиумдар ұйымдастырып жатыр.
Нұржігіт 13 күн бойы комада жатты. 28 тамызда оны Құлан ауылындағы ауруханадан реанимобильмен Тараз қалалық клиникалық ауруханасына ауыстырып, емін жалғастырды.
Бұған дейін Базарбек зардап шеккен азаматтың жақындарының жанында болып, оның отбасына қажетті көмек көрсету үшін Құлан ауылына көшіп барғанын хабарлаған.
Жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Базарбек жол апатына қатысы барын растады, алайда сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау туралы міндеттемеге байланысты оқиғаның мән-жайын айта алмайтынын мәлімдеді. Тергеу жалғасып жатыр.