«Тіл тартпай кетті»: Астана – Қарағанды трассасындағы жан түршігерлік жол апаты ЖИ камерасына түсіп қалған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бейнежазбаны «ҚазАвтоЖол» жариялады

Фото: скриншот

Астана – Қарағанды – Алматы трассасында жантүршігерлік жол апаты тіркелді.  Mercedes маркалы көліктің жүргізуші алдында келе жатқан «Газель» көлігін соғып кеткен. Соққының қатты болғаны соншалық, «Газель» көлігі бірнеше рет аударылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жол апатын трассадағы жасанды интеллект камерасы тіркеп алған. «ҚазАвтоЖол» компаниясы бейнежазбаны тарата отырып, «бірнеше секундтағы әрекет бір адамның өмірін қияды» деп ескерту жасады.

«Жол апаты Астана – Қарағанды – Алматы тас жолының 51-шақырымында тіркелді. Апаттан бір адам қаза тапқан. Астанаға бет алып келе жатқан Mercedes көлігі алдындағы көліктерді басып озбақ болған. Бірақ, оза алмай, «Газель» көрігін соғып кеткен. Соққы салдарынан «Газель» жүргізушісі көлікті басқара алмай, аударып кетті», - деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».

Оқиғаның жай-жапсарын полиция тексеріп жатыр. Дегенмен, «ҚазАвтоЖол» бұндай бір әрекеттің арты адам өліміне әкеп соқтыратынын, сондықтан, біреуді басып озбай тұрып, жан-жаққа мұқият қарау керегін ескертеді.

Өкінішке қарай, Қазақстанның трассаларындағы жол апаты азаймай тұр. Бір апта бұрын ғана Жетісу облысындағы тас жолда алты адам мерт болған еді. Chevrolet Cobalt маркалы көлік жүргізушісі де алдындағы көліктерді басып озбақ болып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Бірақ, үлгермей, бір көлікпен соқтығысып, алты адамның өлімін мойнына арқалады.