Қарағандыда саяжай аумағында ер мен әйелді белгісіз біреу атып өлтіріп кетті

Екі адамды өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Қарағандыда саяжай аумағында ер мен әйелді белгісіз біреу атып өлтіріп кетті
Фото: istockphoto.com

Қарағандыда саяжай қауымдастығының төрағасы мен жергілікті белсенді әйелді белгісіз біреу атып өлтіріп кетті. Қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 6 қыркүйекте Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы ауданындағы саяжайлардың бірінен 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Оларға оқ атылғаны белгілі болды.

«Осы жағдайға қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы ер адамды анықтап, қолға түсірді. Ол өз кінәсін мойындап, жауап берді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.

Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін арнайы тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Талғарда нан сатып тұрған ер адамды пышақтап өлтіріп кеткені хабарланған.