ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Ақмола облысында отбасын құтқарып қалмақ болған ер адам суға батып кетті

Бозайғыр көліне демалуға барған отбасы қайғылы жағдайға тап болды

Фото: ашық дереккөзден

Қайғылы оқиға Шортанды ауданында арнайы жабдықталмаған жағажайда болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бозайғыр көліне демалуға барған отбасы қайғылы жағдайға ұшырады.

«4 тамыз күні кешкі уақытта аудандық Төтенше жағдай басқармасына балалы әйелдің Бозайғыр көлінің ортасында үрлемелі матраста қалғаны туралы телефон хабарламасы түсті. Құтқарушылар дереу оқиға орнына барып, әйел мен 8 жастағы баланы (әйелдің бауырының баласы - авт.) құтқарып қалды. Өкінішке қарай, оларды құтқарып қалмақ болған әйелдің жұбайы суға батып кетті. Қайғылы оқиға суға шомылуға арналмаған жерде болған», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Доспаев.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары қауіпті біле тұра, әлі де арнайы жабдықталмаған көл жағажайларына жиі баратынын айтты.

«Жақсы жүзе білу – суда демалыстың қауіпсіз болуының аса маңызды кепілдіктерінің бірі. Алайда, кез келген жақсы жүзетін адамның өзі аса сақтық танытып, суда жүзу қауіпсіздігі ережелерін міндетті түрде сақтауы қажет. Қазір пандемия кезеңінде санитар дәрігерлер де суға шомылуға тыйым салуда. Қауіпке бас тігіп, арнайы жабдықталмаған жағажайларда мүлде суға түспеген жөн», - деп толықтырды Қанат Доспев.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы