Алматыда үйінен қашып кеткен бала 5 күннен соң сауда орталығынан табылды
Бала аман-есен ата-анасына тапсырылды
Алматыдағы Әуезов аудандық Полиция басқармасы үйінен өз бетінше кетіп қалған баланы сауда орталықтарының бірінен тауып, аман-есен ата-анасына тапсырды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«Ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері кешкі сағат 22.00 шамасында жүргізілген рейд барысында «Сити Плюс» сауда орталығының аумағында Қарасай ауданының 2007 жылы туған, үйін өз бетінше тастап кеткен және жергілікті полиция қызметкерлерінің іздеуінде жүрген кәмелетке толмаған Т.-ны анықтады», – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.
Қарасай ауданының тұрғыны 5 күннен бері іздеуде жүрген.
«Сауда орталығының аумағында бейсауат жүрген баланың 5 күн бойы іздеуде жүрген 13 жастағы бала екені анықталды. Бала ата-анасына тапсырылды, оларға кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік бар екені туралы айтылды», - деп қорытындылады Тұрсынбетов.