БҚО-да алапат өрт болды: екі екіпәтерлі үй мен 89 тонна шөп жанып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Өрттен зардап шеккен тұрғындарға уақытша баспана беріледі

ҚР ТЖМ видеосынан скриншот

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылында ірі өрт болды. Тілсіз жау екі тұрғын үйді, шаруашылық құрылыстар мен шөпті шарпыды. Жергілікті билік өрттен зардап шеккен тұрғындарға уақытша баспана ұйымдастырады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Жеке тұрғын үйлердегі өрт туралы хабарлама «112» пультіне түскен. Ұзынкөл ауылы ең жақын өрт сөндіру бекетінен шамамен 20 шақырым жерде орналасқан.

ТЖМ бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде Жастар алаңы көшесіндегі екі екіпәтерлі тұрғын үй, шаруашылық құрылыстар және үйлердің бірінің ауласындағы шөп жанып жатқан. Өрттің жалпы аумағы 268 шаршы метрді құрады. Тілсіз жау 89 тонна теңделген шөпті жойды.

«Өрт салдарынан тұрғын үйлері зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін Жәнібек ауданының жергілікті атқарушы органдары уақытша баспана беруді ұйымдастырады», – деп атап өтті әкімдіктен.

Өртті сөндіруге ТЖМ бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органның, ҰҚК Шекара қызметі мен полиция департаментінің қызметкерлері және техникасы жұмылдырылды.

Өрт толық сөндірілді. Оның шығу себебі анықталып жатыр.

Тегтер: