Құтқарушылар Алматы тауларында жоғалған туристі тауып, жолай тағы бір әйелге көмектесті
Туристердің бірі байланысқа шықпай қалса, екіншісі Космостанция маңында аяғын жарақаттаған
Алматы тауларында бірден екі туристке құтқарушылардың көмегі қажет болды. Олардың бірі байланысқа шықпай қалғаннан кейін іздестірілді. Ал екінші турист туралы хабар іздеу тобы кері қайтып келе жатқанда түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ-нің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Бір күн бұрын турист Үлкен Алматы шыңы маңына барып, кейін байланысқа шықпай қалған. Оны ҚР ТЖМ «Барыс» Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары іздеді.
«Құтқарушылар Аю-Сай және Проходное шатқалдарын, сондай-ақ Терра алаңы мен Алешкин көпірі аумағын тексерді. Турист Проходное шатқалындағы сарқыраманың маңынан табылды», – деді ТЖМ.
Табылған туристке медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар оны таудан төмен түсіріп, Алматы қаласы ТЖД қызметкерлеріне тапсырды.
Алайда іздеу тобының жұмысы мұнымен аяқталған жоқ. Бағыттан қайтып келе жатқанда құтқарушыларға көмекке мұқтаж тағы бір турист туралы хабар түсті.
«Іздеу бағытынан қайтып келе жатқан кезде Космостанция маңында аяғын жарақаттап алған тағы бір турист туралы хабар түсті. Құтқарушылар оқиға орнына бағытталды», – деп мәлімдеді ведомство.
Топ зардап шеккен әйелге жетіп, оған алғашқы көмек көрсетті.
«Құтқарушылар зардап шеккен әйелге алғашқы көмек көрсетіп, төменге түсірді. Кейін оны Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды», – деп хабарлады ТЖМ.