Ақсай шатқалындағы карьерде жанған қоқыс толық сөндірілді

Төтенше жағдай қызметкерлері өртті толық ауыздықтап, оның қайта тұтануына жол бермеу жұмыстары аяқталды

Ақсай шатқалындағы карьерде жанған қоқыс толық сөндірілді
Фото: ҚР ТЖМ

Алматы маңындағы Ақсай шатқалында орналасқан «Ақсай» карьерінің аумағында 3 тамыздан бері сөндіріліп жатқан өрт бүгін толық ауыздықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрттің жақын маңдағы аумақтарға таралуына жол берілген жоқ.

«Өртті сөндіру жұмыстары күрделі жағдайда жүргізілді. Себебі бықсыған ошақтар өрт сөндіру техникасы жете алмайтын тік әрі қолжетімсіз беткейде орналасқан. Сонымен қатар қатты желдің салдарынан бықсу аумағы тезірек таралып отырды», – деп хабарлады ведомство.

Өртті сөндіру барысында мамандар жерді рекультивациялау жұмыстарын қатар жүргізіп, қайта тұтанудың алдын алу үшін бықсыған орындарды топырақпен жапқан. Барлық жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында болған.

Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және жеке ұйымнан барлығы 25 қызметкер мен 17 техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді.

Мақалада
#Алматы #өрт #ТЖМ