Ақтаудағы Каспий теңізінде үрлемелі шеңбермен жүзіп жүрген жас жұпты ағыс алып кетті

Оқиға Ақтаудан 25 шақырым жердегі «Шора» каналы маңында болған

Ақтаудағы Каспий теңізінде үрлемелі шеңбермен жүзіп жүрген жас жұпты ағыс алып кетті
ҚР ТЖМ видеосынан скриншот

Маңғыстау облысында құтқарушылар Каспий теңізінде үрлемелі шеңбермен демалып жүрген жас жұпты құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Ақтаудан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан «Шора» каналы маңындағы Каспий теңізі жағалауында болған. Үгіт-насихат және профилактикалық рейд кезінде ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері теңізден 1999 және 2000 жылы туған жастарды байқап қалған.

Демалыс кезінде үрлемелі шеңбермен жүзіп жүрген жас жұпты ағыс жағалаудан шамамен 800 метр қашықтыққа алып кеткен.

Құтқарушылар оларды қайыққа шығарып, аман-есен жағаға жеткізді. Медициналық көмек қажет болмаған.