Бес жасар қыздың оқиғасына байланысты бұзақылық әрекет жасағандар жолындағыны қиратып, айтарлықтай материалдық зиян келтірді
24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында бір топ азамат бұзақылық жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тас-таяқпен қаруланған жастар тобы бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталған адамды өз беттерімен жазалауға ұмтылып, полиция ғимаратына кіруге әрекеттенген. Полиция қызметкерлері бұл бұзақылықтың жолын кесті.
«Басбұзарлар жолындағыны қиратып, айтарлықтай материалдық зиян келтірді. Олар қақпаны, ауладағы адамдар отыратын орындықтарды, қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішті, полиция ғимаратының аумағындағы шамдарды, терезелердің әйнегін сындырған. Сондай-ақ, сыртқы бейнебақылау камералары мен қызметтік автокөлік бүлінген», - деп хабарлайды.
Қазір келтірілген залалды бағалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы («Бұзақылық», «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру», «Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Бұзақылық әрекетті ұйымдастырушылар мен оған белсенді қатысушылар анықталып, ұсталды. Уақытша ұстау изоляторына 15 адам қамалды. Барлық тергеу әрекеті қолданыстағы заңнама аясында жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері атыс қаруын қолданбай, ұстамдылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кескені айтылады.
«Ұсталғандарға қатысты азаптау және құқыққа қарсы әрекеттер жасау туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан хабарламалар – негізсіз. Хабарламалардың авторлары мен жалған ақпарат таратушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі. Ішкі істер органдары Сәтпаев қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өту қажет. Полиция қызметкерлері атыс қаруын қолданбай, ұстамдылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесті», - делінген.
Еске салсақ, 23 шілде күні сағат 21.00-де Жезқазған қаласының тұрғыны Сәтпаев қаласы полиция бөліміне жүгініп, 5 жасар қызының жоғалып кеткенін хабарлады. Сәтпаев қаласының полиция бөлімінің жеке құрамы мен еріктілер қатысқан іздестіру шараларының нәтижесінде, бала көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінен табылды. Ондаған адам (5 жасар қыздың жақындары) күдіктіні өз бетінше жазаламақ болып, қолына беруді талап еткен. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін құқық қорғау күштері жұмылдырылды.