Найзағайдан тұтанған: Ақмола облысының бірнеше ауданында өрт шықты
Өрттің алдын ала себебі – найзағайдың түсуі
Ақмола облысының бірнеше ауданында құрғақ өсімдіктің жану деректері тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт ошақтары Біржан сал, Жақсы, Целиноград және Зеренді аудандарында анықталды. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, «Бұқпа» орман шаруашылығының қызметкерлері, сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» құрамалары жұмылдырылды.
Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында барлық өрт толықтай сөндірілді. Өрт шарпыған аумақтың жалпы көлемі 6,035 гектарды құрады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, құрғақ өсімдікті өртемеуге, отпен жұмыс істегенде барынша сақ болуға және өртті байқасаңыз, дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлауға шақырады.