Алматыда ер адамдар арасындағы жанжал пышақ жарақатымен аяқталды

Жанжал кезінде ер адамның кеуде тұсына пышақ сұғылып, күдікті ұсталды

Алматыда ер адамдар арасындағы жанжал пышақ жарақатымен аяқталды
Фото: Алматы қалалық Полиция департаменті

Алматының Бостандық ауданында екі ер адам арасындағы тұрмыстық жанжал пышақтасуға ұласты. Кеуде тұсынан жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілді. Ал күдікті оқиғадан көп ұзамай полиция қызметкерлерінің қолына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Төтенше қызметтердің кезекші пультіне пышақ жарақаты туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер кеуде тұсынан жарақат алған жас жігітті ауруханаға жеткізді.

Күдіктіні «Буран-405» патрульдік экипажы ізін суытпай ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, екі ер адам бірнеше күн бұрын да жанжалдасқан. Кейін олардың арасында тағы да сөзге келіспеушілік туындап, соңы пышақ қолданумен аяқталған.

Полицияның мәліметінше, күдікті ескі ғимаратты бұзу жұмыстарын жүргізетін бригаданың құрамында еңбек еткен. Ал зардап шеккен азамат жақын маңдағы үйлердің бірінде тұрады. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайы мен оған не себеп болғанын анықтап жатыр.

«Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер тергеу амалдарының толық кешенін жүргізіп жатыр. Оның ішінде қылмыс құралы болуы мүмкін заттың қайда екені де анықталуда», – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.