Нөсерден кейін Астанада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Қала әкімдігі жауын суын ағызу жүйесі жұмыс істеп тұрғанын, алайда кейбір учаскелерде уақытша су жиналғанын мәлімдеді
Астанада толассыз жауған нөсерге байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың көптеп шағымдануына қарамастан, әкімдік жаңбыр суын ағызу жүйелері мен тазарту құрылыстары жауын-шашынның мол көлемін қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Алайда әкімдік кейбір аумақта уақытша су жиналатынын да жоққа шығармады. Өйткені нөсер кәрізі негізгі су көлемін шамамен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта қабылдайды.
«Сонымен қатар коммуналдық қызметтер коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдайтын құдықтарды тұрақты түрде тазалап, құбырларды бумен өңдеу, нөсер кәрізі жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу және басқа да жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді», – деп мәлімдеді әкімдік.
Осы уақытта Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері қалалық қызметтермен бірлесіп, елорданың бірқатар учаскесінде жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құтқарушылар су басқан жолдарда қалған жүргізушілерге көмек көрсетіп, көліктерді эвакуациялап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
«Құтқарушылар тұрғындарға қажетті көмекті көрсетіп, су басқан жол учаскелерінде қалған автокөліктерді шығаруға және көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге атсалысып жатыр. Су жиналған жол бөліктерінде ТЖМ қызметкерлері су құрсауында қалған жеңіл көліктерді эвакуациялап, сүйреп шығарады, сондай-ақ азаматтарға қауіпті аумақтан қауіпсіз шығуға көмектеседі», – деді ТЖМ.
Ведомство елорда тұрғындары мен қонақтарына аса қажет болмаса, су басқан жолдарға шықпауға және ресми ақпаратты қадағалап отыруға кеңес берді.
Қазір қалада авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жалғасып жатыр.
Еске салайық, 23 шілде күні күндіз Астанаға жауған нөсер небәрі 10–15 минуттың ішінде қала көшелерін су астында қалдырды. Су жолдың жүру бөлігін лезде басып, автокөліктер мен қоғамдық көліктің қозғалысын қиындатты. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде тұрғындар ауа райының салдары түсірілген ондаған бейнероликті жариялай бастады.