Ауыр жарақат алған бүлдіршін емнен кейін өздігінен жүре алады
Алматыда бесінші қабаттың терезесінен құлаған төрт жастағы балаға нейрохирургтер аса күрделі ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy мегаполистің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында дәрігерлер баланы тексеріп, оған бірнеше ауыр жарақат диагнозын қойды. Оның ішінде бірінші бел омыртқасының ығысуымен және жұлынның қысылуымен қатар жүрген компрессиялық сынуы анықталған.
Дәрігерлер консилиумы екі кезеңнен тұратын хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады. Алдымен нейрохирургтер омыртқа өзегін қысымнан босату операциясын жасап, кейін арнайы бекіту жүйесінің көмегімен бел омыртқасын тұрақтандырды.
Отаны нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев нейрохирургтер Мұхтар Ибрагимов және Алтай Анарбаймен бірге жасады.
«Біз баланың қимыл-қозғалыс қызметін қалпына келтіре алдық. Оңалту курсынан кейін ол өздігінен жүре алады», – деді Айдын Нүсіпқожаев.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір бүлдіршіннің жағдайы айтарлықтай жақсарған. Стационарлық ем аяқталған соң ол әрі қарай бақылау мен оңалтудан өту үшін үйіне шығарылды.
Бұған дейін 26 жастағы Александр Артуковтың өмірі үшін бір ай бойы күрескеннен кейін Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімінен отбасына оралғаны хабарланған болатын. Ол газ баллонының жарылуы салдарынан ауыр термиялық күйік пен барожарақат алған.