Алматыда газ баллоны жарылғаннан кейін денесінің 90%-ын күйік шалған науқас аман қалды
Науқас бірнеше ай бойы ем қабылдап, ондаған күрделі операциядан өтті
Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері газ баллонының жарылуынан ауыр жарақат алған 26 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды. Бір айлық емнен кейін науқас үйіне шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға тұрғын үй ауласындағы шаруашылық құрылысында газ баллоны жарылған кезде болған. Салдарынан ер адам барожарақат алып, денесінің 89 пайызын термиялық күйік шалған. Оның 15 пайызы терең күйік болған. Сонымен қатар сол қолы қатты жарақаттанып, жұмсақ тіндері едәуір зақымданған. Ауруханаға жеткізілген алғашқы минуттардан бастап дәрігерлер оған шокқа қарсы қарқынды ем жүргізді.
Науқас ауруханаға түскен күні зақымданған қолына шұғыл ота жасалды. Кейін ем күйік бөлімшесінде жалғасты. Ер адам бірнеше күрделі операцияны, оның ішінде тері ауыстыру және зақымданған аяқ-қолды қалпына келтіруге бағытталған реконструктивтік оталарды бастан өткерді.
Осы уақыт бойы дәрігерлер науқастың өмірлік маңызды ағзаларының жұмысын, зертханалық және аспаптық тексеру нәтижелерін күн сайын бақылап, оның жағдайына қарай емдеу тактикасын түзетіп отырды.
№4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменовтің айтуынша, науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген.
«Науқас бізге өте ауыр халде түсті. Төрт тәулік бойы жансақтау бөлімінде болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Дененің мұндай көлемде күйік шалуы дәрігерлер үшін ең күрделі сынақтардың бірі саналады. Аурухананың көпсалалы мамандар командасының үйлесімді жұмысының арқасында біз оның өмірін сақтап қала алдық», – деді ол.
Науқас Александр Артуков емдеу барысында қолдау көрсеткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Ауруханаға түскеннен кейін бір ай өткен соң ер адам стационардан шығарылды. Емдеу барысында ол қайтадан өздігінен жүріп-тұруға және өзін-өзі күтуге қабілетті болды. Алда оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Дегенмен дәрігерлердің ең басты міндеті – науқастың өмірін сақтап қалу – сәтті орындалды.