Көлік қоршауды бұзып, адамдар отырған аулаға кіріп кеткен. Жол апатынан бірнеше адам жарақат алып, бір әйелдің аяғына ампутация жасауға тура келген
Алматы облысы Қарасай ауданындағы Көксай ауылында Mercedes-Benz автокөлігі жеке үйдің ауласына кіріп кетіп, сол сәтте туған күн тойлап отырған отбасының екі мүшесін қағып кетті. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті, жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, Mercedes-Benz көлігін басқарған 24 жастағы қыз Наурызбай батыр көшесімен келе жатып, көлікті басқара алмай қалып, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен екі адам медициналық мекемеге жеткізілді», – деп мәлімдеді полиция.
Qumash басылымының жазуынша, апат болған сәтте аулада алты адам, оның ішінде бір бала болған. Туыстарының айтуынша, 40 жастағы туған күн иесінің аяғына дәрігерлер ампутация жасауға мәжбүр болған. Ал 30 жастағы екінші әйел бірнеше қабырғасын сындырған.
Полиция жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Оқиғаның нақты мән-жайы, сондай-ақ туыстары мен куәгерлері таратқан жүргізушінің жүргізуші куәлігі болмағаны және жедел қызметтердің оқиға орнына қанша уақытта жеткені туралы ақпаратқа полиция әзірге түсініктеме берген жоқ.