Алматы маңында жардан құлаған қыз тікұшақпен эвакуацияланды
Басынан жарақат алған бойжеткен 3 мың метрден астам биіктіктен құтқарылды
Алматы облысында теңіз деңгейінен 3010 метр биіктіктегі Букреев шыңы маңында жардан құлаған қызды құтқарушылар тікұшақпен эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқару операциясын ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары мен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері бірлесіп жүргізді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қыз жардан құлап, басынан жарақат алған және өздігінен қозғала алмаған. Құтқарушылар келгенге дейін алғашқы медициналық көмекті оқиға куәгері көрсеткен», – деп мәлімдеді ТЖМ.
Зардап шеккен қызды эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды. Ол «Медеу» тікұшақ алаңына жеткізіліп, кейін ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлеріне тапсырылды.
Бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен төрт жасөспірімнің түн ішінде табылғаны хабарланған болатын.