«Теңізге қазан тастады»: Маңғыстау құтқарушылары жігіттің мәйіті қалай табылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
ТЖД әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді
Маңғыстау облысының құтқарушылары әлеуметтік желіде тараған 18 жастағы Азамат Дүйсехановтың мәйіті халық емшісінің көмегімен табылды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған видеода емші жоғалған жігіттің туысына анасының шашының ұшын және Азаматтың киімін қазанға салып, оны теңізге тастауды айтқаны, содан кейін мәйіт су бетіне қалқып шығатыны баяндалған. Видео авторларының айтуынша, туыстары мұны 15 шілде күні таңертең орындап, түстен кейін жігіттің денесі табылған.
Маңғыстау облыстық ТЖД іздестіру жұмыстары алдын ала әзірленген жоспар мен кәсіби тактикаға сай жүргізілгенін, жасөспірімнің дәл осы жүйелі жұмыстың арқасында табылғанын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, марқұмның туыстары халық емшілеріне де жүгінген, алайда олардың ешбір болжамы расталмаған.
«Іздестіру кезінде жоғалған жігіттің туыстары түрлі емшілер мен көріпкелдердің болжамдарына сүйеніп, құтқарушылардан бірнеше жерді тексеруді қайта-қайта сұрады. Құтқарушылар отбасының ауыр психологиялық жағдайын түсіністікпен қабылдап, аталған орындарды да тексерді. Алайда мұндай болжамдардың ешқайсысы расталған жоқ», – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық ТЖД.
Іздестіру-құтқару жұмыстары 7-15 шілде аралығында күн сайын таңертеңнен кешке дейін үздіксіз жүргізілді. Оған құтқарушылар, Әскери-теңіз күштері, ҰҚК Шекара қызметі, еріктілер және басқа да қызметтердің өкілдері қатысты. Іздестіру барысында жүзу құралдары, эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, арнайы техника және Ми-8 тікұшақтары пайдаланылды.
«Сондықтан әлеуметтік желіде тараған мәйіт "теңізге қазан тастау арқылы табылды" деген ақпарат шындыққа жанаспайды әрі іздестіру операциясына қатысқан құтқарушылар мен басқа да қызметтердің бірнеше күндік жанкешті еңбегін жоққа шығарады. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады», – деді құтқару қызметі.
Еске салайық, Азамат Дүйсеханов 7 шілдеде, 18 жасқа толған күні жоғалып кеткен болатын. Сол күні ол достарымен Ақтаудан шамамен 48 шақырым жерде орналасқан «O'Mir» демалыс қонақүйі маңындағы жағалауда туған күнін атап өткен. Оның мәйіті кейін Ақтаудан 51 шақырым жерде, жағалаудан 10 метр қашықтықтан табылды.