Қазақстанда бір күнде үш орман өрті тіркелді (ВИДЕО)

Өрт ошақтары Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында анықталды

Қазақстанда бір күнде үш орман өрті тіркелді (ВИДЕО)
Фото: ҚР ТЖМ

18 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орман шаруашылығы комитетінің мәліметінше, өрттер Ақмола облысында, Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында және Шығыс Қазақстан облысында болған.

Өрт ошақтарын жедел анықтап, сөндіру үшін мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері де тартылды.

Қазір орман өрттерін оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай уәкілетті қызметтердің тұрақты бақылауында.

Еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталуына байланысты азаматтарға орман мен табиғи аумақтарға барған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, тыйым салынған жерлерде от жақпау және барынша сақ болу ескертілді.

Еске салайық, орман өрті 16 шілде күні таңертең Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалына қарасты Қамышенка орманшылығының 57-кварталында тұтанған. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері және облыс әкімдігінің күштері тартылған.

Бұған дейін өрттің таралу қаупіне байланысты «DosbolLike» балалар лагерінен 220 адам, оның ішінде 190 бала мен 30 қызметкер эвакуацияланған болатын. ТЖМ алдын ала бағалауынша, өрт шамамен 60 гектар аумақты шарпыған. Жағдай жедел штабтың тұрақты бақылауында тұр.