«Семей орманы» тағы да өртеніп жатыр (ВИДЕО)

Өрт бүгін, 16 шілде күні басталды

«Семей орманы» тағы да өртеніп жатыр (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Абай облысындағы «Семей орманында» тағы да өрт басталды. Қазір оқиға орнында өрт қауіпсіздігінің бесінші санаттағы төтенше жағдайы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт бүгін, 16 шілдеде басталған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт таңғы сағат 09:45-те, «Семей орманы» мемлекеттік орман резерватының Бородулиха ауданы Қамыш кварталында басталған.

Өрт басталған жерге мемлекеттік орман күзетінің өрт сөндірушілері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндірушілері және құтқарушылары келді.

Өртті тезірек сөндіру үшін автоцистерндер мен тракторлар да, оншақты техника да және мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері тартылған.

Жақын жердегі ауылдан тікұшақ пен Қатонқарағай ауданынан төтенше жағдайдағы тікұшақтары ұшып шыққан.

Жалпы, Экология министрлігінің мәліметінше, қазір облыста күн қатты ысып тұр. Сондай-ақ, жел басталып, қауіпті күшейткен.

Еске салайық, 2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» резерватында өрт шығып, 14 орманшы көз жұмған. 12 маусым аза тұту күні болып жарияланды.