СҚО полицейлері халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні Түркияда ұстады (ВИДЕО)
Ол соңғы төрт жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан Республикасының азаматын Түркия Республикасында ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және Қазақстан Республикасы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Анталья қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 30 жастағы Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2021 жылдың тамызы мен қыркүйегі аралығында сыбайластарымен алдын ала сөз байласып, азаматтардың сеніміне кіріп, 6 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтық жолмен иемденген.
16 шілдеде күдікті Түркия Республикасынан Қазақстан Республикасына депортацияланды. Оны елге қайтаруға Қазақстан Республикасының Анталья қаласындағы Бас консулдығы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері ықпал етті.