Канье Уэст тамызда Алматыда концерт береді
Концерттің билеті 20 шілдеде сатыла бастайды
Америкалық рэпер Канье Уэст Қазақстанда алғаш рет концерт қояды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Концерт 14 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді. Блогер Бейбіт Әлібековтің айтуынша, First Media Group компаниясы концертті ұйымдастырумен айналысып жатыр. Бағдарламаның толық мәліметтері кейінірек жарияланады. Билеттерді сату 20 шілдеде Freedom Ticketon платформасында басталады, ал Freedom SuperApp қолданушылары оларды жеңілдікпен сатып ала алады.
Айта кетейік, Ye - қазіргі хип-хоп тарихындағы ең ықпалды әртістердің бірі. Оның дискографиясында The College Dropout, Graduation, 808s & Heartbreak, My Beautiful Dark Twisted Fantasy, Yeezus, Donda және тағы басқа танымал альбомдар бар. Музыкант 20-дан астам беделді «Грэмми» сыйлығын иеленген.
Музыкадан бөлек, Ye дизайнер ретінде және әйгілі Yeezy брендінің негізін қалаушы ретінде де жақсы танымал. Соңғы жылдары ол өзінің ашық әрі даулы мәлімдемелерімен және шығармашылығындағы күрт өзгерістермен бірнеше рет қоғам талқысына түскен болатын. Соған қарамастан, оның концерттері әлі күнге дейін дүние жүзі бойынша мыңдаған көрермен жинап келеді.