«Жеті атаң - сенің жеті күнәң»: Астанадағы жігіттер сайысында көрермендер ел естімеген сөзді естіп, шалқасынан түсті (ВИДЕО)
Жеңімпаздарға қомақты сыйлық берілген
Елорда әкімдігі сұлу жігіттердің сайысын өткіземін деп масқара болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күні кеше Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар» сарайында Top man of Astana атты байқау өткен. Оған сайдың серке тасындай іріктелген бозбалалар жиналып, сұлулық пен қатар ақыл-парасаттан сынға түскен. Өкінішке қарай, сырты жылтыраған азаматтардың ақылы кемшін шықты. Қатысушының бірі сахнада тұрып, қазақтың гендік коды болған Жеті ата ұғымын күнәға теңестірді. Ал жүргізуші болса, Қазақстан Республикасын «Қазақ хандығы» деп атап айды аспаннан бір-ақ шығарды.
«Біздің Қазақ хандығында Жеті ата деген ұғым бар. Жеті атаңды білуің керек. Логикалық тұрғыда ойлағанда, біз неге Жеті атамызды білуіміз керек? Ойыңды айтшы», - деді жүргізуші.
Жігіттің «сұлтаны» ойланбастан: «7 ата дегеніміз -7 күнә» деп қойып қалды.
Залда отырғандар оның сөзін түзетуге тырысып, айғайлап жатты. Алайда қатысушы өзінің білімсіздігіне ұялудың орнына, мәз болып, сықылықтап күлумен шектелді.
Шоу мұнымен біткен жоқ. Кеште «ерекше» таланттардың жұлдызы жанды. Бірі сахнада «Ұялшақ болма!» деп ұрандатты, тағы басқалары ертегідегі кейіпкерлердің костюмін киіп вальс билеп, робот биін салды.
Астана қаласының әкімдігі мұны «заманауи, өзіне сенімді, білімді, харизмасы жоғары, салауатты өмір салтын ұстанатын әрі өзгелерге шабыт бере алатын табысты ер адамның жаңа бейнесін насихаттауға бағытталған жоба» деп таныстырған. Жастар бірнеше апта бойы кәсіби хореографтармен жұмыс істеп, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын үйренген екен. Жеңімпаздарға қомақты сыйлық тағайындалған.
Заманауи ер азаматтың құндылықтарын дәріптейтін алаңда жеті атасын білмеген жігіттер шығып өз «құндылығын» көрсетті. Болашақта жоба жыл сайын өткізілмек. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар мұндай сорақылықтың алдын-алады деген үмір бар.